Майканов Садеп
Майканов
Садеп
красноармеец / разведчик
23.02.1918 - 10.01.2000

История солдата

Менің туған атам, Ұлы Отан Соғысының ардагері – Майқанов Садеп. Қиын-қыстау кездері туған ағайынды үшеуі еді: ең үлкен ағасы Қыдырбек Майқанов (тұңғышы) 1902 жылы, екінші ағасы Нәдірбек Майқанов 1915 жылы, және кенжесі менің атам Майқанов Садеп 1918 жылы Ақмола облысы, Қорғалжын ауданында (қазіргі Қарағанды облысы, Теңіз ауданында) туған. Нәдірбек ата мен Садеп атамның бала кездерінде әкелері қайтыс болып, үлкен ағасы Қыдырбектің қамқорлығында, тәрбиесінде болып, жетімдіктің қасіретін көрген жоқ. Үлкен ағасы Нәдірбек атаны Қызылжардағы мал дәрігерлік техникумға оқуға жібереді. Ол оны ойдағыдай тәмәмдаған соң, 1935 жылдан бастап ауданда мал дәрігері болып қызмет атқарады. Сол кездері өткен өмірлеріне көз жіберіп ойласам, талай-талай қасіретті оқиғалардың куәгерлері болған. Баршаларымызға белгілі, ауылды жаппай колхоздастыру науқаны кезінде асыра сілтеушіліктің кесірінен күн көріп отырғандар малдарынан айырылып, халықтың әл-ауқаты төмендеп, әлсіреп қалды. Сол кездерде аудан аумағының елді мекендерінде егін егу және басқа да күнкөріс жағдайын жасау жағынан ешқандай кəсіп болмаған, тек қана мал өсіріп, сонымен күнелткен. Асыра сілтеушіліктің салдарынан ел-жұрт 1931-1933 жылдардағы қолдан жасалған ашаршылық қырғынына душар болды. Теңіз ауданы орналасқан жерлерді «қыр» деп атайтын екен. Сол қырдан ойға – аудан орталығына жете алмай қанша адам қырғынға ұшырады:əке-шеше баладан айырылды, туған-туысқандар бір-біріне жәрдемдесе алмай, әр қайсысы әр жерде аштықтан өліп жатты. Панасыз қалған балаларды аудан орталығында бір жерге жинап тамақтандырып, интернатқа орналастырып жатты. Бірақ әлі кетіп қалған балалардың ішіне ас тұрмай, өле берді. Жоқшылықтың қасіреті сол, қайтыс болғандарды апарып жерлеуге көлік болмаған,бірнешеуден арбаға салып, қара су жағасына бетін жасыратындай етіп шұңқырға көміп жерлеген. Көлік, соқамен салған егін 1934 жылы өте бітік шыққан екен, егінді қол орақпен орып жинаған. Өйткені егінді орып жинайтын техника деген мүлдем жоқ еді. Егіннің жақсы шығуы елдің еңсесін көтеріп тастаған болатын. Келесі жылдары да егінді кəсіп етіп халық ашаршылық зардабынан құтыла бастады, көңіл едәуір көтеріңкі еді. Амал қанша халқымызға тағы да қара түнек күн төнді. Иә, «халық жауы» деген жасанды атпен 1937 жылдың қараша айынан 1938 жылдың қаңтар айының орта шеніне дейін жаппай түрмеге қамау басталды. Сол жылдары аудан көлеміндегі елді мекендер өте бытыраңқы, тұрғындары аз болатын. Сонда аз ғана жұрты бар ауданнан 70-ке тарта адамдар қамауға алынды. Қамалғандарың ішінде сол кездегі аудандық қаржы бөлімінің бастығы болған атамның туған ағасы Қыдырбек Майқанов та болатын, сөйтіп атамыз ағасымен қоштаса алмай қала берді. 1950 жылдардан бастап Қыдырбек атаны іздеумен болды. Ақырында, облыстық сот арқылы қандай жаза алғанын білді. 1938 жылдың 24 қаңтарында Қарағанды облыстық ішкі істер басқармасының үштігінің үкімімен атылған екен, 1956 жылы ақталды. Тірі болса келер деген үміті су сепкендей басылды, қазаға қатты қайғырды. Қыдырбек атамыз қамауға алынғанда 9 айлық Еркін есімді баласы артында қалған. Екінші ағасы Нәдірбек атам майданда жүргенде 1941 жылдың қысында әскерге алынған. Мәскеу шайқасына қатысады. Атты əскер бөлімінің командирі, аға сержант Нəдірбек көп шайқастарға қатысып, ерлік көрсетеді. 1944 жылы Калинин майданында қаза тапты. Алайда, жерленген жері белгісіз болды. Үйленбеген, соңында ешқандай ұрпағы жоқ. Бұл ағасымен де атам қоштаса алмай қалды. Қуғын-сүргін құрбандарының отбасылары да зардап шекті. Атамды әскер қатарына 1938 жылы алынуы керек еді. Аудандық әскери комиссариаттың комиссиясы «халық жауының інісі» деп әскер қатарына алмай қойды. Сөйтіп, әскер қатарына 1940 жылдың мамыр айында, Қарағанды қаласында оқу оқып жүрген шағында алынды. Борышын аяқтауға аз уақыт қалғанда, Ұлы Отан соғысына алып кетеді. Атам неміс тілін жақсы білгеннен кейін, барлау қызметіне дайындайды. 1941 жылдан 1944 жылға дейін 3 – Украин фронтының 238 – гвардиялық жаяу әскер дивизиясының барлау бригадасында барлау ретінде шайқастарға қатысқан. Смоленск майданында 1941 жылдың 20 тамызында ауыр жараланып, ұзақ уақыт емделу орнында болды. Кейіннен майданға қайта еніп, Молдавияның соғыс қорғанын бұзып, жауды тынымсыз қуды. Европа елдерін фашистің жез тырнағынан азат ете бастады. 1944 жылдың аяғында Венгрияның Секешверхевар қаласын жаудан азат ету кезінде ауыр жараланып, барлау бригадасынан атты əскер полкына ауыстырылды. Содан мүгедек болып қалды, сол аяғының тізеден төмен айырылады. Соғыс жылдары атам Ұлы Отан соғысының І дәрежелі, «Данқ» орденінің ІІІ дәрежелі ордендерімен және көптеген медальдармен наградталды. 1945 жылдың тамыз айында туған елге оралды. Соғыстан соң Алматы қаржы-кредит техникумын, Ленинградтағы экономика институтын бітіреді. Соғыстан кейін 1946 жылы ағасының салып берген жолымен аудандық Қаржы мекемесіне қызметке орналасады, Қорғалжын аудандық қаржы бөлімінде 40 жылдан астам бөлімше нұсқаушысы, одан кейін бастық болып жұмыс атқарды. Көптеген медальдармен, басқа белгілермен марапатталған. «КСРО-ның қаржы қызметіне еңбегі сіңген қызметкер» атағын иеленген. Қазақ КСР-ның Құрмет грамотасымен, «КСРО қаржы қызметінің үздігі» белгісімен жəне бірнеше медальдармен марапатталды. 1946 жылы үлкендердің келісімімен отау құрды. Марқұм əжем Қаншайым Өтетілеуқызы да халық ағарту қызметінің үздігі, танымал ұстаз еді. Сонау 1939 жылы және соғыстың ауыр жылдары кезінде 1946 жылға дейін Ақмоланың теміржол мектебінде және № 4 Жамбыл мектебінде ұстаздық етті. 1946 жылдан бастап зейнеткерлікке шыққанға дейін Қорғалжын ауданы орталығындағы орта мектепте шəкірт тәрбиелеп келді. 1997 жылы журналистерге берген сұхбатында атам: «... Қаншайым екеуіміз алты бала өсіріп, бəрін де жоғары білімді азамат етіп тәрбиелеп шығарды. Осыған орай белгілі актер Асанәлі Əшімовтен бірде тілшілер «жар қандай болу керек» деп сұраса «Менің Мейрамдай болу керек», - деп жауап беріпті. Жасым сексенге келіп қалса да 48 жыл бойы тату-тəтті өмір сүрген жан серігім, ұлағатты ұстаз Қаншайымға арнап мен де інімнің осы сөзін қайталап айтар едім», - деген екен. Əжеміз 1994 жылы, атамыз 2000 жылы қайтыс болды. Мен осындай танымал адамдардың ұрпағы болғаныма қуаныштымын! Топырақтары торқа, жандары жаннатта, тәндері рахатта, алдары жарық болсын демекпін! Бүкіл Ұлы Отан Соғысының ардагерлеріне алғыс айтамын!! Соғыс туралы әдеби материалдарды оқыған кезде, олардың қандай батыл болғандарын білесін: жарақат алса да, басшылардың берген тапсырмаларын аяғына дейін орындап жүрді, елді мекендерді жаудан құтқарып, әскери әріптестерінен айырылды. Емделу орындарынан ерте кетіп, майданға қайта оралды! Осының бәрі біздің бейбіт және тыныш болашағымыз үшін!! Қазіргі жас ұрпаққа ардагерлердің ерлігі үлгі болсын!!! Мәңгілік есте сақталады!!!

Регион Республика Казахстан
Воинское звание красноармеец
Населенный пункт: Астана
Воинская специальность разведчик
Место рождения Ақмола облысы, Қорғалжын ауданы
Годы службы 1941 1945
Дата рождения 23.02.1918
Дата смерти 10.01.2000

Автор страницы солдата

Страницу солдата ведёт:
История солдата внесена в регионы: